Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОКҚ-да «Бірінші сынып оқушыларының ата-аналарына психологиялық көмек» конференциясын ұйымдастырушылар сөз сөйледі. 

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистер алдында Отбасылық Тәрбиелеу Институтының бас директоры Софья Евдокимова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі  Айгүл Соловьева, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Оразгүл Асанғазы, «Қазақстан Республикасында энерготиімді жарықтандыруды ілгерілету» БҰҰДБ/ҒЭҚ жобасының менеджері   Сырым Нұрғалиев, Ақмола облысы Вячеслав орта мектебінің директоры Татьяна Немцан сөз сөйледі. 

БАҚ өкілдерімен кездесудің себебі ертең барлық облыс орталықтарында, сондай-ақ Астана мен Алматыда өтетін «Бірінші сынып оқушыларының ата-аналарына психологиялық көмек» атты республикалық ата-аналар жиналысы болды.

Институт басшысы атап өткендей, алда болатын Конференцияның басты мақсаты – отбасы мен мектеп арасындағы қарым-қатынастарды нығайту үшін жағдайлар жасау. "Сондықтан Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, «Нұр Отан» партиясы және Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Отбасылық Тәрбиелеу Институтының «Бірінші сынып оқушыларының ата-аналарына психологиялық көмек» тақырыбында республикалық ата-аналар конференциясын өткізу туралы бастамасын қолдады», - деп атап өтті ол. 

Евдокимова ханым, Конференцияның Қазақстанның 17 қаласында, еліміздің 250 мектебінде өтетіндігін еске салды. «Екі сағат бойы бірінші сынып оқушыларының ата-аналары тегін психологиялық көмек пен кеңестер алатын болады. Жалпы 170 мың қазақстандықтарды қамтуды көздеп отырмыз. Қазақстанда бұндай ауқымды жоба әлі болған емес», - деді ол. 

Ұлттық ауқымдағы конференцияны Отбасылық Тәрбиелеу Институты осымен екінші рет өткізіп отыр. Бірінші жоба биылғы жылы ҰБТ тапсыру алдында өткен, мектеп бітірушілердің ата-аналарына арналған Конференция болды, ол жоба тамаша нәтиже берді. «18 мамырда Отбасылық Тәрбиелеу Институты, «Нұр Отан» партиясымен және ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп «Жасөспірімдерді ҰБТ-ға дайындау кезінде ата-аналарға психологиялық көмек» тақырыбында мектеп бітірушілердің ата-аналарына арналған үлкен конференция өткізді. Бұл жиналыстың нәтижесі сол – биылғы жылы ҰБТ енгізілген 10 жыл ішінде алғаш рет бір де бір суицид жағдайы болмаған» - деді С.Л. Евдокимова. 

ОКҚ – ҚР Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар Қызметі