Біздің өміріміз түрлі тәжірибеге толы, және бұл тәжірибелер әруақытта қуаныш бен ізгілік бола бермейді. Кей кездері біз күрделі де қиын проблемалармен бетпе-бет кездесіп жататындығымыз жасырын емес, оларды жеңу де оңай болмай жатады.

Әсіресе апаттар, жол апаттары, жазатайым жағдайлар салдарынан жақын адамдарыңнан айырылып қалу қаупі туындағанда өте ауыр, бұл тек ересектердің ғана қайғысы емес, сонымен қатар балалардың да қайғысы... Ересектер бұндай сәттерде не істерін білмей есеңгіреп қалады, бұндай жағдайда жақындарынан айырылған балаға не айтарын да білмейді, себебі бала да қайғыны басынан өткереді.  

Ата-аналар өмірдің осындай қайғылы тұстарын балаларға айтпау керек деп шешіп, баланы артық ақпараттан қорғауға тырысады. Бірақ, бала үлкендердің көмегінсіз-ақ өлім туралы естиді, және көп жағдайда бұлайша білу балаға ауыр эмоционалдық соққы болып тиеді, баланың уайым-қайғысы одан сайын көбейеді, бұл баланың психологиялық саулығына кері әсер етіп, баланың қалыптаспаған психикасын бұзып қана қоймай, сонымен қатар, оның жан дүниесін де бұзады.

Ересектердің баладан осындай қайғысын жасырудан болған салдарлармен бөліскім келеді.

Психолог кеңесіне өз баласын ерткен бір әйел келді. Оның баласының өзіне сенімсіздігі, және сәл ғана ескерту жасалса болды, өз бетін шапалақтай бастайтындығы туралы шағым болды. Баланы шығармашылық тапсырмамен алдандырып, біз анасымен жеке әңгімелесуді бастадық. Әңгіме барысында қыз баланың ағасының жол апатынан қайтыс болғандығы анықталды, және апат кезінде қыз ағасының жанында болып қолынан ұстап отырған. Ағасы қарындасын тротуарға итеріп жіберіп үлгерген, осылай оның өмірін құтқарып қалған, бірақ өзі секіріп кетуге үлгермей, машина соғып кеткен. Бір айдай қыз бала миы шайқалып ауруханада жатқан, ол уақытта да, ауруханадан шыққаннан кейін де баламен ешкім болған қайғылы оқиға туралы сөйлеспеген.   

Диагностикалық жұмыстың нәтижелері  баланың бойында жақын адамдардан айрылу қорқынышын және аутоагрессия белгілерін анықтады.  

Бұл қалай болды? Апаттан кейін баланың санасында психикасының қорғаныш реакциясы қосылып, апаттың барысы есінде қалмаған. Ата-анасы қызының жанын жаралауға қорқып, болған апат туралы онымен сөйлеспеген, есесіне үйдің ауласында біреу ағасының оның өмірін құтқарып, өзі қаза болғанын айтады. Айтылған бұл сөз оның өзін-өзі кінәлауы мен өзін жатсынудың басталуына түрткі болған. 

Құрметті ата-аналар, отбасында қайғыны жекелеген адамдар емес, бүкіл отбасы болып көтеретіндігін ұмытпаған маңызды, баланың бұны көргені және барлығымен бірге қайғыны бөліскені дұрыс. Баланың уайымдарына мән бермеуге болмайды, және оның қайғыру құқығын тану керек. Бала бүкіл отбасының уайым-қағысына ортақтасуы тиіс, және бұл жерде оған ата-ана тарапынан қосымша ықылас, махаббат пен қолдау қажет.

Бұл оқиғада сипатталғандай ештеңе болмағандай және өмір бұрынғысынша өзгеріссіз жалғасып жатыр деп өтірік өмір сүруге болмайды. Барлығына жақын адамынсыз әрі қарай өмір сүруге үйрену үшін уақыт қажет. Бұл эмоционалдық соққыны азайтпайды және күтпеген реакциялардың болмауына кепіл болмайды, бірақ көптеген жылдардан кейін ауыр психологиялық проблемаларға әкелуі мүмкін санаға әбден сіңген қорқыныштың алдын алуға мүмкіндік береді. Тәжірибе қайғылы жағдайлар балалардан жасырылмайтын, бар шындық айтылатын отбасыларда, баланың сұрақтарына түсінікті тілмен жауап берілетін отбасыларда балалар бұндай жағдайларды жасыратын ата-анадардың балаларына қарағанда анағұрлым жақсы дайын болатындығын көрсетіп отыр.   

Қайғы жамылған баланың ата-аналарына арналған кеңестер 

Егер сіз ауыр қайғыға душар болсаңыз, сіздің қасыңызда бала бар екендігін ұмытпаңыз, ол да қайғырады. Оның бұл қайғыдан психикалық саулығы үшін ауыр салдарларсыз өтуіне көмектесіңіз.

Бұл үшін Сіз не істей аласыз? 

1. Баламен ашық, шынайы бірақ ол түсінетіндей етіп сөйлесіңіз: 
- Балаға болған қайғы туралы бірден айтыңыз.   
- Қайтыс болған адамның ешқашан қайтып келмейтіндігін айтыңыз. Екі ұшты әңгімеден аулақ болыңыз. 
- «Саяхат» немесе «түс» туралы айтпаңыз. 
- Абстрактілі түсініктерден аулақ болыңыз. 
- Баланың жасына сай болатындай етіп түсіндіріңіз. 

2. Балаға болған жайды түсінуге көмектесіңіз. 
- Болған оқиға жайында баланың сұрақтарына жауап беріңіз. Тіпті егер бала бір сұрақты бірнеше рет қайталап сұраса да, шыдамды болыңыз.    
- Жақын адамыңнан айырылу тақырыбы талқылауға тыйым салынған болмасын.

 3. Оқиғаны шынайы етіп көрсетіңіз. 
- Балаңыздан өзіңіздің ойларыңыз бен сезімдеріңізді жасырмаңыз, өз сезімдеріңізді шығарыңыз. 
- Қайтыс болған адам туралы естелік сақтаңыз:   фотоальбом жасаңыз, оның қатысуымен бейне фильмдер қарауды ұйымдастырыңыз. 
- Баланы зират басына өзіңізбен бірге алып барыңыз. 

4. Баланың өзін кінәлі сезінуін басыңыз. 
- Бала өзінің кінәсін айтқан кезде, онымен әңгімелесіңіз. 
- Жақын адамның қайтыс болуына баланың ойлары мен сезімдері әсер еткен жоқ деп тыныштандырыңыз. 

Басты қағидаларды есте сақтаңыз!!!
• Қайғыру мен зарығу – балалардың табиғи реакциялары. Олардың шығуына кедергі келтірмеңіз. 
• Болған оқиғадан кейін Сізге қанша ауыр болса да, балаға көбірек уақыт бөліңіз. 

Балаға психологтың көмегі қай кезде керек?
• Болған жайдан кейін баланың мінез-құлқы қатты өзгеріп кеткенде, мысалы, ол оқшауланса немесе ашушаң болса. 

• Бала болған қайғылы оқиғаны ұзақ уақыт бойы ұмыта алмаса. 
• Оны ұдайы қорқыныштар мазаласа. 
• Бала болған оқиғадан кейін ұзақ уақыт мұңайып жүрсе. 
• Баланың оқуға деген үлгерімі мен ынтасы төмендесе, бала мектептегі сабақтарға қатыспаса. 
• Бала бұдан әрі өмір сүргісі келмесе.

А. Матаева