Өмірова Айнұр ОралбекқызыОтбасылық тәрбиелеу институтының бас маманы, отбасылық тәрбиелеу жөніндегі психолог-кеңесші

Халық нақылында «Отанды сүю – от басынан басталады» делінген.

Отбасылық тәрбие ересектердің өзін-өзі тәрбиелеуімен, олардың бойында балаға деген тиімді педагогикалық ықпалды қамтамасыз ететін қасиеттер мен мінез-құлық сипаттарын қалыптастырумен тығыз байланысты.

Егерде біздің қазақстандық отбасыларында проблемалар көп болатын болса, онда бұл проблемалар біз өмір сүріп отырған және болашақта өмір сүретін біздің қоғамның проблемаларына айналуы әдбен мүмкін. Сондықтан да өзінің ұлттық жаңару кезін бастан кешіріп отырған, егеменді Қазақстанның алдында тұрған бірінші кезектегі міндеттер туралы айтқан кезде, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өскелең ұрпақтың тәрбиесіне айрықша назар аудару қажет екендігін баса айтты.

«Бұл жерде әрине, басты рөлді отбасы атқарады. Бірақ мемлекет те шет қалмау керек»,-деп атап өтті Н.Ә.Назарбаев.

Ата-аналар өз балаларының бойында еңбек сүйгіштік, қоғамда және отбасында өмір сүруге дайындықты, өнегелік, ақыл-ой қасиеттерін, психикалық салауатты тұлғаны қалыптастыруы керек.

Қандай ата-анаға болмасын «Сіздің балаңыз қандай ұқыпты», «Сіздің балаңыз қандай тәрбиелі» деген сөздер ұнайды. Олардың қайсысы болсын, өз баласының темекіге емес, спортқа , араққа емес, би билеуге, уақытты бос өткізуге емес, өзін-өзі жетілдіруге әуес болғанын қалайды емес пе!?

Отбасындағы ата-ананың тәрбиелік жұмысы бұл – ең алдымен, өзін-өзі тәрбиелеу.

Отбасының ортақ, өнегелік, ерікті, ақыл-ой, этикалық құндылықтарын жасау бойынша жұмыс «Отбасылық тәрбиелеу мектептерін» құрудан басталады.

Нәтижесі өзіңнің біліміңді толтыруға ұмтылуды ынталдандыру, отбасында баланы дұрыс тәрбиелей білудің тәжірибелік негіздеріне үйрену болып табылады.

Отбасылық тәрбиелеу мектебі» бұл – ата-аналарды психологиялық-педагогикалық сауаттандырудың түрі. Мектептегі сабақтар ата-аналарды қажетті білімдермен, педагогикалық мәдениеттің негіздерімен қаруландырады, ата-аналардың жас мөлшерлерін және сұраныстарын ескере отырып, тәрбиелеудің өзекті мәселелерімен таныстырады, ата-аналардың жұртшылықпен, отбасының мектеппен қарым-қатынастарын орнатуға мүмкіндік береді, сондай-ақ тәрбиелеу жұмысындағы ата-аналар мен мұғалімдердің өзара әрекеттестіктерін жағдай жасайды.

«Отбасылық тәрбиелеу мектебін» Астана қаласындағы Отбасылық тәрбиелеу мектебін тәмамдаған, отбасылық тәрбиелеу жөніндегі кәсіби педагог-психолог-кеңесші жүргізуі керек.

Отбасылық тәрбиелеу мектептерінде келесі тақырыптар қарастырылады: «Ата-аналардың педагогикалоық мәдениеті», «Отбасылық тәрбиелеу стильдері», «Отбасылық тарихты зерттеу. Генограммалар жасау», «Қазақ отбасындағы отбасылық әдет-ғұрыптар және салт-дәстүрлер», «Баланы қалай дұрыс тәрбиелеу керек» және т.с.с.

Астанада «Отбасылық тәрбиелеу мектептері» №59, №53, №56 мектеп-лицейлерінде және «Айналайын» балалар бақшасында ашылды. Елордадан басқа, «Отбасылық тәрбиелеу мектептері» Қазақстан Республикасының өңірлерінде де ашылды, оларды Отбасылық тәрбиелеу институтының түлектері басқарып отыр. Атап айтқанда:

  • Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы №35 орта мектебінде «Отбасылық тәрбиелеу мектебін» отбасылық тәрбиелеу жөніндегі психолог-кеңесші Е.А.Cвиридова басқарады.
  • Солтүстік Қазақстан облысы Явленка селосындағы Т. Позолотин атындағы №1 орта мектебінде «Отбасылық тәрбиелеу мектебін» отбасылық тәрбиелеу жөніндегі психолог-кеңесші М.Ю. Иванова басқарады.
  • Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласындағы №4 қазақ орта мектебінде «Отбасылық тәрбиелеу мектебін» отбасылық тәрбиелеу жөніндегі психолог-кеңесші Г.М. Шолпанова басқарады.
  • Батыс Қазақстан облысындағы «Достық» жалпы білім беретін мектебінде «Отбасылық тәрбиелеу мектебін» отбасылық тәрбиелеу жөніндегі психолог-кеңесші Н. М. Қуанышәлиева басқарады.

Жуық арада біздің республикамызда «Отбасылық тәрбиелеу мектептерінің саны көбейетін болады.

Сабаққа қатысқан ата-аналардың пікірлерінше, олар «Отбасылық тәрбиелеу мектептерінің ашылғандығына риза, өйткені отбасы бұл – тұлға мен қоғамның өзара әрекеттестігін қамтамасыз ететін негізгі құралдың бірі, ал бала тәрбиесі бұл – тек ата-ананың ғана жеке ісі емес,сонымен қатар мұнда мемлекет те мүдделі.

Бірнеше ата-ананың пікірлерін келтіре кетуді жөн санадым:

Б.Арыстамбаева: «Тренингте мен отбасылық проблемаларды шешу жолдарын қалай табуға болатындығын түсіндім. Балаларды тәрбиелеу жөнінде көп нәрсе үйрендім. Бұдан әрі де сабақтарға қатысатын боламын. Барлық сабақтардан кейін отбасылық тәрбиелеу жөніндегі сертификатқа ие болғым келеді. Сабақтар үшін алғыс айтамын!».

А.Ш.Орналиев: «Сіздерге рахмет! Өте қызықты болды. Әсіресе, өмірлік сипаттағы жағдайларды ойнау өте ұнады. Біз сабаққа әйелім екеуміз келдік. Біздің отбасымыз үшін өзекті отбасылық тәрбиелеу бойынша ұсыныстар алдық».

М. Д. Тілеубаева : «Отбасылық тәрбиелеу жөніндегі тренингке қатыстым, маған барлығы ұнады. Осындай сабақты ұйымдастырған Сіздерге көп рахмет! Біздің еліміздің рухани және отбасылық тәрбие туралы ойлантатыны мені қуантады. Мұндай сабақтар көбірек болсын дегім келеді!».

Өмір өз тәртібін жүргізеді. Кей кездері тәрбиелеу үдерісінде өздерінің әрекетін салыстыру үшін және қажет жағдайда түзету енгізу үшін, ата-аналарға педагогикалық мәдениет аса қажет. Отбасылық психологиядағы жаңа білім, ата-аналарға, әсіресе ересек жастағы ата-аналарға өнімді және дәлелді кеңестер жасау үшін керек болады.

Және де, егерде әрбір ата-ана айына бір рет «Отбасылық тәрбиелеу мектебіндегі» сабаққа қатысуға уақыт табатын болса, онда:

  • дамыған, әлеуметтік тұлғаны дұрыс қалыптастыруға үйренеді;
  • отбасындағы бағытта таңдайды және бала тұлғасының жас ерекшелігіне сәйкес тәрбиелік жұмыстың мазмұнын жасайды;
  • баланың жеке дамуының осы кезеңінде оның үйлесімді дамыған тұлғасын қалыптастырудың негізгі қасиеттері туралы нақты ұғымға ие болады;
  • түрлі әдістемелерді пайдаланады, тұлғаның жақсы қасиеттеріне сүйенеді, дербестікті және бастаманы беруге қамқорлық жасайды, өзінің мінез-құлқына, өзін-өзі тәрбиелеуге талдау жасауға үйренеді;
  • ынталандыру және жазалау әдістерін теңгерімді пайдалануға үйренеді, балаға талап қою келісілген болады, ал отбасының түрлі мүшелерінің тәрбиелік ықпалы бір-біріне қарама-қарсы келмейтін болады;
  • баламен қарым-қатынас демократиялыққа айналады, бұл дегеніміз – бала ата-анасының айтқанын тыңдайды және оның айқаны да ілтипатқа алынады деген сөз.
  • отбасы бақытты және жанжалсыз өмір сүруге үйренеді.

Ата-ана мектепте құрметті қонақ, білім беру және тәрбиелік үдерістерде балаға көмекші болу үшін, «Отбасылық тәрбиелеу мектептері» көп күш-жігер жұмсаулары қажет. Мектеп пен отбасы өзара әрекеттестігінің тиімділігін арттыру мақсатында, жұмыста мектеп пен ата-ана ынтымақтастығының ең заманауи түрлерін пайдалану керек. Ата-аналар арасында ең көп қиындық тудыратын отбасылық тәрбиелеу проблемаларын барынша жан-жақты қарастыру керек және оларға жанжалды жағдайды шешуге көмек беріп, отбасындағы психологиялық шиеленісті шешу қажет.

Қазақстандық қоғамдағы барлық ата-аналарға отбасылық амандық тілеймін. Отбасында бақытты болыңыздар!!!