Көкшетаудағы №2 орта мектепте «Өз балаңа үлгі бол» 1 сынып ата-аналарына психологиялық-педагогикалық көмек» атты республикалық ата-аналар конференциясы өтті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Аталған жиынға 1-сынып оқушыларының ата-аналары түгелдей шақырылды.

Мектеп табалдырығынан аттау баланың өмірін айтарлықтай өзгертеді. Балаға жаңа жағдайға бейімделуге қалай көмектесу керек? Конференцияда осы мәселелер жан-жақты талқыланды.

«Қазір бала тәрбиелеудің қиыншылығы бәрімізге белгілі. Әсіресе, жаңа бағдарлама бойынша баланы бірінші сыныпқа дайындау күрделірек. Бала бірінші сыныпқа барарда олардың ата-анасын да мектепке дайындау керек»,– деп атап өтті білім ордасының директоры Гүлнәр Әбдіқасымова.

Шара барысында отбасылық тәрбие жөніндегі психологтар ата-аналарға тренингтер өткізді. Ең алдымен бірінші сынып оқушысының эмоционалдық жай-күйінің психологиялық аспектілерін таныстырды және өзіне деген сенімділікті арттыруға және үйренбеген жағдайға бейімделуге бағытталған бірнеше арнайы жаттығулар көрсетілді.

Жаңа оқу жылы ата-ана үшін де, бала үшін де жауапты кез. Ал баласы бірінші сыныпқа баратын ата-аналар бұл кезде екі есе қобалжиды. Көп ата-аналар баласының психологиялық тұрғыдан мектепке баруға дайын не дайын еместігін ескере бермейді.

«Балабақшадағыдай емес, енді мектеп қабырғасында біршама өзгерістер басталады, ұстазы болады, ортасы өзгереді. Бұрынғы еркіндігінен айрылып, уақыты шектеледі. Қазіргі балалардың «сана-сезімі ерте жетіліп-дамиды» деген түсінік болғанымен мұндай өзгерістерді олар бірден қабылдай алмайды. Сол себепті ата-ананы да міндетті түрде психологиялық дайындықтан өткізген дұрыс. Себебі, баланың ортасы, айналасындағы адамдары өзгереді. Бұл – олар үшін стресс. Ата-ананың бастапқы кездері баланы мектепке өзі ертіп келуінің өзі баланың бойындағы қорқынышын басады»,–дейді  психолог Юлия Сәрсекеева.

Шара барысында Отбасылық Тәрбиелеу Институтының тапсырысы бойынша арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді.

Конференция соңында қатысқандардың әрқайсысы Институт мамандары әзірлеген құнды кеңестер жазылған жадынамалар алды. Баспа материалында тек кеңестер ғана емес, сонымен қатар әрбір балаға мектептегі бейімделу кезеңін жеңе білуге және мектепке жаңа барған оқушының өзін бағалауын көтеруге көмектесетін практикалық техникалар мен әдістемелер жинақталған.

«Бұрынғы мен қазіргі мұғалімді салыстыруға келмейді. Уақыт өткен сайын қоғам ғана дамып қоймай, адамдар да өзгерді. Қазір ақпарат көп. Ата-аналар түрлі әдебиеттерді оқу арқылы өздерін жетілдіріп отыруы тиіс. Үйдің іргетасы мықты қаланса берік болатыны секілді, баланың білім алуында осы кезден жағдай жасау  болашағын жарқын етеді. Тек дайындықты материалдық тұрғыдан емес, рухани жағына берік етуді бірінші кезекке қою қажет»,–дейді Отбасылық тәрбиелеу институтының өкілі Лилия Орлова.

Ата-аналар психолог мамандар мен тәжірибелі педогогтардың ақыл-кеңесін тыңдады. Әсіресе, балалармен жұмыс жүргізуде неге көңіл бөліп, неден тартыну қажеттігі әңгіменің өзегіне айналды.

«Шыны керек, қазіргі уақытта ата-ана мен бала арасындағы қатынас күрделеніп барады. Бүгінгі буынның қызығушылығы да өзгерген. Сондықтан, бұл жерде арнайы мамандардың көмегі ауадай қажет. Бүгінгі конференцияда әр ата-ана өздеріне мол мағлұмат алды деп ойлаймын»,–дейді Үміт Таңдаева есімді ата-ана. 

Ақмарал АЙҒАРА , 12 қыркүйек 2016 ж 10:35 , Ақмола облысы

ФОТО: nurotan.kz. Көрнекі сурет

www.bnews.kz